«Қазақстан» Орталық концерт залы сахнасында танымал әрі өз елінде ғана емес, әлемге әйгілі әзіл жанрының әртістері жиналады.
Халықаралық әзіл мерекесіне Ресей, Қытай, Украина, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан сияқты мемлекеттерден 30-ға жуық тапсырыс түсті.
Фестивальдің ерекшелігі – қойылымдардың әзіл, пародия жанрында, миниатюра түрінде қазақ, орыс және басқа да тілдерде орындалуында. Дәстүрге айналған «Бауыржан Fest» фестивалінің эксклюзивті форматы өз көрерменін табады деп сенеміз. Халықаралық әзіл мерекесі әртүрлі жастағы, ұлты мен діні бөлек адамдарды, шығармашылығы бір, әзілсүйгіш жандарды бір шаңырақ астына жинайды.
Әзіл фестиваліне эстрада жұлдыздары Елена Воробей мен Андрей Баринов, Владимир Моисеенко мен Владимир Данилец, Карен Аванесян мен Обид Асомов, Атыраудан «Ара Атырау», Шымкенттен «Шаншар», Ақтөбеден «Екі езу», Алматыдан «Бауыржан шоу», «Тамаша», «Ду-Ду» және «ТТТ» театрлары өздерінің жаңа әзілдік нөмірлерімен қатысады.
ІІ Халықаралық «Бауыржан Fest» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау аталымдары Қазақстанның сатира жанрының құрылуы мен дамуына зор үлес қосқан, қазақ әзіл жанрының майталмандары, «Тамаша» театрының тарландары, еліміздің әзілкеш әртістері, мәдениет қайраткерлері, сатира және әзіл жанры мәтіндерінің авторлары, жазушылар мен ақындар құрметіне арналған.
Фестивальде «Оспанхан Әубәкіров атындағы арнайы жүлде», «Садықбек Адамбеков атындағы «Тапқырлық» жүлдесі, «Шона Смаханұлы атындағы «Шоқ тілді» жүлдесі, «Мейірман Нұрекеев атындағы үздік әртістік жұмыс», «Ұлықпан Есенов атындағы үздік музыкалық нөмір», «Марат Сақатов атындағы үздік сценарий», «Уайыс Сұлтанғазин атындағы үздік образ», «Жарасқан Әбдірашев атындағы үздік монолог», «Тоқсын Құлыбеков атындағы көрермендер көзайымы», «Құдайберген Сұлтанбаев атындағы «Үміт» жүлдесі» секілді аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталады.
ІІ халықаралық «Бауыржан Fest» фестивалі Қазақстан халқының достығы мен бірлігі күні жарқын оқиғаға айналады деп сенеміз.
Мерей Ділдабаев